Ақтөбелік шаруалар Парламент депутаттарына саладағы проблемаларды айтты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Сенат және Мәжіліс депутаттары агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерімен кездесті. Жиында шаруалар мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезіндегі кедергілерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат және Мәжіліс депутаттары қатысқан жиынға даму институттарының жауапты өкілдері, шаруа қожалықтары мен мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

«Жыл соңында мал шаруашылығын субсидиялауға 3,6 миллиард теңге, инвестициялық субсидияға 1,3 миллиард теңге бөлінді. Биыл жергілікті бюджеттен мал шаруашылығын субсидиялауға 5,9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Қаржы бөлу ақпан айында басталады», - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай.

Шаруалар мал басын арттыру, егін, тұқым шаруашылығын дамыту кезінде кедергілерге жиі ұшырайды.

«Субсидия мәселесі қиындап барады. Мәселен, сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытып отырған біздер үшін жеңілдіктердің азайғаны алаңдатады. Алғашында «Ырыс» бағдарламасы аясында 55 миллион теңге алып, кәсіп бастаған едік. Жайылым жер қажет. Несиенің пайыздық үстемеақысы да арқаға батып тұр», - деді шаруа қожалығының басшысы Нұртай Ноғаев.

Ақтөбеде мал бордақылау алаңдарын пайдалану, малдың терісі мен жүнін кәдеге жарату жұмыстары баяу дамып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалиннің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы техниканың 70-80 пайызы тозған.

«Бүгінгі басқосу облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарымыздың өтініштері мен ұсыныстарын ортаға салуға арналып отыр. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту күн тәртібінен түспейді. Аймағымызда ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Түсіне білсек, әр кәсіпкердің артында қаншама отбасының тағдыры бар. Біз мемлекет және жергілікті билік тарапынан қашанда ел азаматтарына көмектесуге міндеттіміз. Ортаға салынған ой-пікірлердің бәрі де өзекті. Қордаланған проблемалар бар, оны мойындаймыз. Ендігі мақсат - оның шешу жолдарын бірге қарастыру. Ата кәсіпті жаңғырту, елге көмектесу ортақ міндет», - деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.



Соңғы жаңалықтар