Ақтөбеліктердің жылуға төлеген 50 млн теңгесі өздеріне қайтарылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының тұтынушыларына жылу үшін 50 млн теңгеден астам сомаға қайта есептеу жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы бұйрығымен тарифтерді қалыптастыру қағидалары бекітілген. Оған сәйкес, Ақтөбе облысында жылу энергиясын есептейтін аспабы жоқ тұтынушыларға жылу энергиясымен жабдықтау қызметін көрсететін 11 табиғи монополия субъектісі бойынша сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметінің құны қайта есептелді.

Тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жоғарыда көрсетілген қағидаға сәйкес, тұрмыстық тұтынушылар үшін сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтау қызметінің құнын қайта есептеуге қатысты жұмыстар жүргізуде.

Осылайша, Ақтөбе облысында өткен жылыту кезеңінде сыртқы ауаның нақты температурасы жоғары болуына байланысты, есептеу аспабы жоқ тұтынушылар үшін жылу энергиясының төлемі 2019/2020 жылғы жылыту кезеңіне 11 субъекті бойынша жалпы сомасы 50 624 686 теңгеге (ҚҚС қосқанда) қайта есептелді.

Оның ішінде базалық табиғи монополия субъектісі «Aqtobe su-energy group» АҚ бойынша 40 369 868 теңге (ҚҚС қосқанда) қайта есептеледі.


Соңғы жаңалықтар