Ақтөбенің бірнеше ауданын шалғын құрт жайлап кетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 8 мың гектар аумақты шалғын құрт жайлады. Оның 2400 гектары - ауыл маңы мен басалқы жер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Алға, Мұғалжар және Ақтөбе қаласының аумағын жұлдызқұрт жайлады.

Шөп талғамайтын шалғын құртты улау жұмысына шаруалардың өздері жауапты. Ал ауыл-аймаққа тиесілі жерді улау - атқарушы биліктің міндеті.

«Жаңбыр жауып, кейін күн қатты ысығанда осындай болады. Бұл 8-10 жылда бір қайталанатын жағдай. Фитосанитариялық диагностика және болжамдар-әдістемелік орталығы анықтаған аумақта ғана химиялық өңдеу жүргізіледі. Қазір 8 мың гектар жер анықталды. Оның 2400-і босалқы жер және елдімекенге тиесілі аумақ. Ал 5400-і шаруалар меншігінде. Талап бойынша шаруалар өз қаржысына өңдеу жүргізеді. Кейін қаржысының тең жартысы субсидияланады», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Есмағамбетов.

Қазіргі кезде улау жұмысына арналған 15 техника бар. Арасында жүк көлігі мен ұшақ жұмылдырылады.

Айта кетейік, қазір қала маңында көкөніс өсіретін шаруа қожалығы аумағына да құрт түскені анықталды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Есмағамбетовтің айтуынша, көкөніспен қатар егіс алқабы, майлы дақыл өсірілген жерде де құрт бар .

«Шаруашылықтар өз кезегінде улау жұмысын жүргізген. Еккені, баптағаны жаппай жойылды деп айтуға болмайды. Бұл көкөніс пен жеміс бағасына кері әсер етеді деп те ойламаймыз. Себебі бүлінген аумақ аз, шаруалар улап жатыр», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев.

Шаруалар қазір 9 мың гектар аумақты улап үлгерген. Олар - Мәртөк, Қарғалы, Мұғалжар және Алға аудандарының шаруалары.

Соңғы жаңалықтар