Ақтөбенің орталық кітапханасы түнде жұмыс істеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Сақтаған Бәйішев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы түнде оқырмандарын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүгін Сақтаған Бәйішев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы оқырмандарын шақырып, жергілікті уақытпен түнгі 12-ге дейін жұмыс істеді. Бұл облыста алғаш қолға алынған жұмыс.

«Облыстық кітапханада 18 бөлім бар. Бүгінгі кітапхана түніне барлығы жақсы дайындалып, жоба жасады. Кітап дүкендері келіп саудасын жасады, ал біздің қызметкерлеріміз оқырмандарына түрлі ойындар ұйымдастырып, ақындар өз өлеңдерін оқыды. Кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда колледж оқушылары, әскери институт курсанттары мен 6655 әскери бөлімінің сарбаздары шақырылды», - кітапхананың бөлім меңгерушісі Сара Мамбетова.

Шахмат ойнап, сөзжұмбақ шешу ұйымдастырылды. Шетелдік бөлімде еріктілер мен кішкентай балалар ойнап, қызықты сұрақтарға жауап беруіне мүмкіндік жасалды. Кітапхана түнін қарап, тәжірибе жинау үшін аудандық кітапханашылар шақырылды.

«Көбіне оқушылар мен зейнеркерлер, белсенді жастар кітапханаға келеді. Оқушылар сабаққа қажетті мәліметтер іздесе, ересек оқырмандар көркем әдебиеттер мен басылым оқиды. Мұнда тәжірибе алмасу үшін келген болатынбыз. Алдағы уақытта жаңа жобаны жалғастырғымыз келеді. Ауданда 15 мыңға жуық оқырман бар», - деді Темір аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Гүлнұр Есенғали.

Сақтаған Бәйішев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында 350 мыңнан астам кітап қоры бар. Бүгін музыкалық бөлімде ән айтылып, осы салаға қажетті кітаптар таныстырылды.

«Бұл кітапханаға әнші Димаш Құдайберген де келген болатын. Ол кезде әнші колледжде білім алып жүрді. Ата -анасы да осында келетін, бәрі оқырмандарымыз. Бұл бөлімнің оқырманы музыкалық колледж студенттері мен өнер саласындағы жас мамандар. Барлығы 13 мыңнан астам кітап қоры бар. Оның төрт мыңға жуығы нота. Нота жинағы біздің орталық кітапханада ғана сақталған»,- ғылыми-әмбебап кітапханасының өнер-әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ақерке Қалдиева.

Соңғы жаңалықтар