Ақтөбенің Темір қаласында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Темір қаласында дәрігерлік амбулатория ашылды. Медициналық мекемені салуға 72 миллион теңге қаражат жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша биыл 6 дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Оның екеуі қолданысқа берілді, өзгесінің құрылысы жалғасады.

«Бүгін Темір қаласында ауысымына 50 адамға қызмет көрсететін медициналық мекеме іске қосылды. Сонымен қатар мұнда күндізгі стационарда ем қабылдау үшін алты кереует қойылған. Дәрігерлік амбулатория жергілікті бюджет есебінен салынды. Құрылыс жұмыстарына 72 миллион теңге жұмсалды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы әкімінің аппаратының жетекшісі Нұржауған Қалауов дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Венера Шамсутдиноваға санитарлық көлік сатып алу үшін 5,9 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Темір қаласының 150 жылдығы аясында салынған медциналық мекемеде 9 адам жұмыс істейді. Бұрынғы ғимарат өткен ғасырдың 70 жылдары қолданысқа беріліп, ескірген болатын.

Соңғы жаңалықтар