Ақтоты Райымқұлова талантты жастардың жетістіктері туралы айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова отандық талантты әртістердің еңбегі мен жетістіктері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз талантты жастарымыздың тек «Славян базары» байқауында ғана емес басқа сайыстардан жеңіспен келіп жатқаны туралы мақтанышпен айтамыз. Әрине, бұл байқаудың орны бөлек. Жалпы өнер байқаулары бірнеше санатқа бөлінеді. Соның ішінде «Славян базары» үздік халықаралық байқаулардың бірі болып саналады. Жуырда ғана біздің жас домбырашылар Ұлыбританиядан жеңіспен оралды. Сонымен қатар классикалық жанрда ән айтатын әншілеріміз де елімізге түрлі байқаулардан жеңіс әкеліп жүр. Осы орайда есіме түсіп отыр, классикалық ән орындау бойынша төреалқалар мен Италияның опера әншілері опера жанрында ән айтуды Қазақстанда үйрену керек дегентұғын. Олар біздің әртістердің өнеріне таңқалыстарын жасырмады», - деді А. Райымқұлова ZOOM арқылы өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр отандық жас өнерпаздардың түрлі халықаралық жобаларға қатысып, елімізде жеңіс әкелетіні аса қуантатынын айтты.

«Жеңіске жетуде мемлекеттік қолдау мен педагогтардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Әрине Иманбек секілді талантын өздігінен мойындатып жатқан өнерпаздардың барын жоққа шығармаймыз. Біз жас таланттарға қолдау көрсетуге әрдайым әзірміз», - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандық жас әнші, «Славян базары» халықаралық байқауының Гран-при иегері атанған Рухия Байдүкенді жеңісімен құттықтаған болатын.



Соңғы жаңалықтар