Ақтоты Райымқұлова: Түркістан – түркі халықтарының тарихи және рухани орталығы

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан облысының мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөнінде министрлік тарапынан қолға алынған шаралар туралы баяндаған министр, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру, бұқаралық спортты дамыту, туризм саласын жандандыру, шетелден келетін туристердің Қазақстанға визасыз кіру мәселелерін айтып өтті.

«Мәдениет саласына тікелей қатысы бар адам ретінде, жалақыны арттыру мәселесінің шешілуін қаншалықты күткенімізді түсінемін. Бұдан басқа, әлеуметтік жеңілдіктер мәселесі пысықталуда. Мәдениет және спорт министрлігі меморандумдар әзірлеп, әкімдіктерге жіберді. Оларды орындау үшін әлеуметтік қолдау шараларын, оның ішінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтитын салалық жоспарлар бекітілетін болады» - деді ол.

Сондай-ақ еліміздегі туризмді одан әрі дамыту үшін Түркістан облысында қолға алынған жобалар жайы сөз болды.

«Болашақ туристік аймақ болатын тағы бір облыс – ол Түркістан облысы. Бұл – түркі халықтарының тарихи және рухани орталығы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ортағасырлық Түркістан қалашығын қалпына келтіру жөнінде белсенді жұмыстар жалғасуда. Қайта құру нәтижесінде келушілер мен туристер саны ондаған миллионға дейін артады. Ал олардың келу уақыты бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін артатыны күтілуде. Бұл, облыс экономикасына қомақты қаржы құюды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, «Отырар» қалашығын ірі туристік жоба ретінде қалпына келтіру жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін «Отырар» визит-орталығы ашылады. Ал келесі жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Гауһар ана кесенесі мен ортағасырлық Сауран қалашығында Сапар орталығы бой көтереді«, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Жиынға қатысқан мәдениет саласы қызметкерлері де ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Ақын, сазгер Әбдіхалық Әбдірайымовтың хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жазушы Мұхтар Әуезовтің табаны тиген сырлы Созақ жерінен Семейге мәдениет және өнер керуенін ұйымдастыруға арналған ұсынысына алғысын білдірген министр, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын атап өтуге де айрықша тарихи бастамалар қажеттігін айтты.

Соңғы жаңалықтар