Ақтоты Райымқұлова Ұлттық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен жиын өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуге Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Әлеуметтік-мәдени жаңғырту мәселелері жөніндегі жұмыс тобы мүшелері қоғам қайраткері, «Nur Otan» партиясы республикалық қабылдауының консультанты Ауыт Мұқибек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков, Қоғам қайраткері, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қазыбек Иса, Құқық қорғау қайраткері Айгүл Орынбек келді.

Сонымен қатар, алқалы жиынға Министрліктің мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері: ТМД Парламентаралық ассамблеясының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков; ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова және мәдениет және спорт саласының қайраткерлері қатысты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасындағы жиында мәдениет және спорт, туризм саласы бойынша қазіргі таңда қордаланып қалған мәселелерге Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығы және құрылымдық бөлімшелер басшылары сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары жауап берді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің мәдениет, өнер, туризм, тіл саясатының дамуы бойынша ұсыныстары кеңінен талқыланды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне осынау кездесуге келгендері үшін алғыс айта отырып: «Мемлекет басшысы жаңғыру қоғамдық пікірді толық зерттеп алған соң ғана басталатынын, қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелердің барлығы егжей-тегжейлі қаралып, шешімін табуы тиіс екенін айтқан болатын», деді.

Осы ретте А.Райымқұлова министрліктің кез келген қызметкері ұлт тағдырына алаңдап, өзіндік ұсыныс пікір білдіретін ел азаматтарының өтінішін тыңдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.

Қазіргі таңда қазақ қоғамын алаңдатып отырған мемлекеттік тіл мәселесі екені даусыз. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Қазыбек Иса: «Мемлекеттік қызметке өтініш берген талапкер ұлт тілінде сөйлеуі керек»,деді. Бұл пікірді қоғам белсендісі, алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы қуаттай келе: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырысы бойынша 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу күн тәртібінде тұрған өзекті тақырып. Осы орайда, жаңа әліпбиді жасауда кезінде Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған нұсқаны есепке алса екен деймін. Себебі, бұл тіліміздегі кірме әріптерден арылуға көмегін тигізеді. Сонымен қатар қазір аты-жөн жазуды бір ізділікке салатын кез келді деп есептеймін. Себебі, мұның өзі мәдениеттіліктің белгісі»,-деп айтты.

Осы айтылған мәселелерге ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің басшысы Ғалымжан Мелдешов жауап берді.

«Қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғалымдары латын әліпбиінің бірнеше үлгісін жасап шықты. Оған қоса қазір тіл ғалымдары емле мәселесі бойынша да тынбай жұмыс істеп жатыр. Қандай да бір ортақ мәмілеге келетінімізге сенемін»,-деді.

Қоғам қайраткері, «Nur Otan» партиясы республикалық қабылдауының консультанты Ауыт Мұқибек қазақ мәдениеті ұлттың мәйегі екенін айта келе осы бағытта атқарылып жатқан істер туралы сауал қойды.

Министр Ақтоты Рахметоллақызы еліміздің Мəдени дамуының 2020-2030 жылдарға арналған стратегиясы бастаған оншақты жобаны таныстырды.

Бұл бағытта маңызды ұсыныс білдіре алатын тұлғалардың тізімі жасақталып жатқанын, тізім әлі толықтырылатынын айтты.

Осы кезде қоғам қайраткерлері Қазыбек Иса, Ауыт Мұқибек министрлікте құрылатын Кеңеске мүшелікке елдің бетке ұстар азаматтарын, шетелдерде тұрып жатқан тұлғалы азаматтардың есімдерін кіргізуді сұрады.

«Себебі, қазақ мəдениеті мен тарихына қатысты алтын қазынаның қомақты бөлігі осы екі елде. Ал, ТМД құрамындағы елдердің мəдениет т.б. саладағы жағдайды министрлік жасаған тізімдегі тұлғалар толық біледі. Және бір айтарым Тəуелсіздік жылдары оралған қандастарымыздың, əсіресе, жастардың өмірін арқау еткен қысқа метражды болса да кино түсірілсе»,-деген ұсыныс айтты Ауыт Мұқибек.

Министр өз кезегінде Ауыт Мұқибектің ұсынысын құптап, қабылдады.

Жиналысқа қатысып отырған «Қазақфильм» басшысы Арман Əсенов мырза жақсы сценарий ұсынылса, мәселенің оң шешімін табатынын жеткізді.

Жуырда ғана «Saryarqa Aqparat» ЖШС-нің директоры қызметіне тағайындалған Олжас Беркінбаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен өткен жиын барысында қазақ тілінің тамырына қан жүгірту мақсатында шетелде тұратын қазақ балалары арасында, дипломаттар арасында қазақ тілінен олимпиада өткізілсе деген ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс та министр тарапынан қолдау тапты.

Ұлттық кеңес мүшелері Жошы хан кесенесі тұрған Ұлытауды халықаралық туризм мекеніне айналдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да сауал тастады.

Қазақстанды әлемге танытудың бір жолы еліміздегі туризмді дамыту. Күні кеше ғана ел астанасында Дүниежүзілік туризм ұйымының бастамасымен халықаралық саммит өтті. Министр осы ұйымның басшысымен кездесіп ортақ мәселелерді талқылағанын айтты.

«Елдегі туризмді қолдап сол арқылы қазақстанды әлемге таныту туралы Елбасы үнемі айтып келеді. Қазіргі таңда Ұлытауда сапар орталығы құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы министрліктің алда атқарылатын кешенді жоспарында тұр», деді А.Райымқұлова.

Кездесу соңында айтылған ой-пікір, ұсыныстарды қорытындылай келе ҚР Мәдениет және спорт министрі алқалы басқосуға қатысушыларға алғыс айтып алдағы уақыттарда да осындай отырыстар тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар