Ақтоты Райымқұлова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы отырысты өткізудің бірден-бір себебі – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын талқылау. Ұсыныстарды талқылауды біз 2019 жылдың 12 қазанында бастадық. Сол отырыстағы сіздердің ұсыныстарыңызды ескере отырып, министрлікке бағынышты ұйымдар бірқатар жұмыс атқарды. Осы министрлік жанындағы Мәдени саясат жөніндегі кеңес және Рухани көшбасшылар қоры құрылып, бүгінгі отырысқа қатысып отыр. Бұл да сіздердің ұсыныстарыңыз болатын», - деді министр ҚР Ұлттық кітапханасында өткен кездесуде.

Сонымен бірге, А. Райымқұлова Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы – 50 пайызға, коммуналдық, аймақтық ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы – 35 пайызға артқанын еске салды.

«Хәкім Абайдың 175 жылдығына арналған салтанатты ашылу рәсімі де өтті. Сонда 83 тармақтан тұратын ұлттық жоспар бекітілді. Оның аясында 500-ден астам әртүрлі шаралар өтеді. Мұнда әрине, Президент ысырапшылдыққа, асығыстыққа жол бермей, Абайдың аты мен мұрасын дүние жүзіне көрсететіндей жақсы шараларды өткізуді тапсырды. Сонымен бірге, биыл туғанына 1150 жыл толған әл-Фараби атамыздың Дамаск қаласындағы және еліміздегі түрлі шаралардың басын қосатын ұлттық комиссия жоспары бар», - деді министр.

Отырыста Мемлекет басшысы қойған тапсырмалар, спортты дамыту және «Адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.


Соңғы жаңалықтар