«Ақжайық» футбол клубына жаңадан бес ойыншы алынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Премьер-лигада өнер көрсететін «Ақжайық» футбол клубына жаңадан бес ойыншы алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бес шетелдік ойыншымен келісімшартқа қол қойылды.

Белоруссиялық қақпашы Родион Сямуктің тәжірибесі мол, 33 жаста. Ол бірқатар Беларусь командаларында, сондай-ақ Польшаның «Ролько», Ресейдің «Тамбов» клубында ойнады. «Торпедо-БелАЗ» (Жодино) құрамында 2020 жылғы Беларусь чемпионатының қола жүлдегері атанды. Биыл «Динамо-Брест» қақпасында 8 матч өткізіп, 13 доп жіберіп алды.

Грузиялық шабуылшы Тома Табатадзе латвиялық «Олимп» құрамында спорттық жолын бастады. Литва, Түркия клубтарында доп тепті. Соңғы командасы – грузиялық «Сиони» құрамында 31 ойында 8 гол соғып, 13 нәтижелі пас берді.

Ресейлік жартылай қорғаушы Александр Вульфов – мәскеулік «Локомотивтің» түлегі. Ресейдің бірнеше клубында ойнаған оның соңғы командасы – «Велес» (34 матч).

Украиналық Илья Коваленко негізінен өз елінде жасыл алаңға шықты. «Ақжайыққа» ауысар алдында үш ай литвалық «Экранасқа» жалға берілгенімен, онда ойнаған жоқ.

Сербиялық шабуылшы Джордже Ивкович словениялық «Галеб Анкаран» клубын айтпағанда, басқасында тек өз отанында доп тепті. Оралға Белградтың ИМТ клубынан келді.

Биылғы маусымда сүреңсіз ойын көрсетіп, 13-орында келе жатқан «Ақжайық» осының алдында төрт бірдей шетелдік футболшымен қош айтысқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» және «Ақтөбе» футбол клубтарының директорлары қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар