Алакөлдегі су сынамасының нәтижесі белгілі болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Қазгидромет» РМК-ның Алматы облысы бойынша филиалының мамандары Алакөлдің бес нүктесінен алынған су сынамасына жүргізілген жоспардан тыс тексерістің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 1 тамызында Алакөл көліне «Көктем гранд» қонақ үйінің бассейні құбырынан лай судың ағып келуіне байланысты «Қазгидромет» РМК-ның Алматы облысы бойынша филиалының қызметкерлері бірден тиісті жұмысты қолға алды. Мамандар оқиға орнына жетіп, №1 нүктенің 5 метр тереңдігінен (ағып келген арнадан, құбырдан); №2 нүктедегі демалыс аумағынан (құбырға жақын жағадан); №3 нүктедегі ағып келген арнаға 20 метр қарама-қарсы қашықтықтан; №4 нүктедегі ағып келген арнадан оңға қарай 500 метр жерден; №5 нүктедегі ағып келген арнадан солға қарай 500 метр жерден су сынамасы алынды», - делінген хабарламада.

Лабороториялық анализ су сапасының 45 физико-химиялық көрсеткіші бойынша, атап айтқанда басты иондары, биогенді, органикалық құрамы мен ауыр металлдары бойынша жүргізілген.

Ақпаратты жедел беру үшін филиал демалыс күндері алынған су сынамасына талдау жүргізді.

3-4 тамыз күндері алынған нәтиже бойынша су сынамасында хлорид бойынша концентрацияның (3,8 есеге), магнийдің (3,3 есеге), минерализацияның (3,2 есеге) және фторидтің (3,6 есеге) артқаны байқалады.

Еске сала кетсек, Алматы облысындағы Алакөлге құбыр арқылы лай су төгіліп жатқаны бұған дейін хабарланған болатын. Әлеуметтік желіге тараған видео халықтың наразылығын тудырған.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл жағдайға кінәлілер жазаланатынын хабарлады. Осы мәселеге байланысты Алакөлдегі суды зерттеу мақсатында арнайы комиссия құрылды.


Соңғы жаңалықтар