Алакөлге лай су ағызу оқиғасы қайталанбас үшін Ақши ауылына кәріз құбыры тартылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров кәріз құбырын тарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайын екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Алматы облысындағы Алакөлге құбыр арқылы лай су төгіліп жатқаны бұған дейін хабарланған болатын. Ақши ауылындағы «Көктем гранд» демалыс орнының бассейнінен аққан лас судың әлеуметтік желіге тараған видеосы халықтың наразылығын тудырған. Бүгін бұл мәселені су қауіпсіздігі мәселесі талқыланған Парламент Сенатының отырысында депутат Дана Нұржігіт қайта көтерді.

Сенатор көтерген мәселеге Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алакөл жағасындағы Ақши ауылына кәріз жүйесін тарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайын екенін жеткізді.

«Келесі жылдан бастап құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Қазір де жергілікті кәріз суы желілері бар. Жалпы, осы уақытқа дейін ол жердің инфрақұрылымы айтарлықтай жүргізілді. Алакөлдің туристік тартымдылығын арттыру үшін Ақши ауылына баратын жол жөнделіп, жарық тартылды. Медициналық пункт салынды. Кәріз суы жүйесін тарту – үлкен жоба. Келесі жылдан бастап қолға аламыз. Мәселе облыс әкімінің бақылауында. Проблемалық сұрақтар жойылады», - деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде 200 демалыс орнының бәрі тексерілгенін, кемшіліктер жойылғанын мәлім етті.

Өз кезегінде Алакөлдегі аталмыш мәселе жайлы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед те ескерту жасап, болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін нақты шара қабылдануы керектігін атап өтті.

«Жағалауды толығымен тексергендеріңіз дұрыс. Өйткені, Еуропада Алакөлден 5-10 есе кішкене көлдерді алақанына салып, үлкен туристік орындарға айналдырып отыр. Бұл сіздерге сабақ болуы керек деп ойлаймын», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар