Аламан бәйге: «Елбасы кубогында» Бекболат Тілеуханның «Бақторысы» топ жарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Елордадағы «Қазанат» ипподромында Елбасы кубогын сарапқа салған аламан бәйге өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды.

Бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүйріктер «жорға жарыс», «құнан бәйге», «кіші аламан», «аламан бәйге» секілді жарыс түрлерінен бақ сынады.

Жүлде қоры 20 миллион теңге болған бәйге 7 шақырымдық «жорға жарысымен» басталды. Натижесінде, Бикенова Аягөз баптаған «Филипс» есімді жорға бірінші келді. Екінші орынды Кабдоллаев Арманның «Реванш» атты жорғасы иеленсе, үшінші орынды Матюх Григорийдің «Эдельвейс» есімді жорғасы алды.


9 шақырымдық «құнан бәйгеден» Сұлтан Жоланұлының «Талхиз» атты тор құнаны бірінші болып мәреге жетті. Екінші Майлыбаев Ержанның «Бабур Амир» есімді құнаны келді. Ал, үшінші орын Ақтасов Ержан баптаған «Заманайға» бұйырды.

16 шақырымға ат шаптырған «кіші аламан» байгеде, Бөбекбай Секенайдың «Қарлығаш» атты тұлпары алдына қара салмады. Екінші болып, Шадрах Ермекбайұлының «Ақшолпаны» мәреге жетті. Үшінші орынды Сұлтан Жоланұлының «Беріктас» атты жүйрігі қанжығаға байласа, үздік төрттікті Жапар Бекайдардың «Асемай» атты тұлпары түйіндеді.

Нағыз тұлпарлар сыналған «үлкен аламан» бәйге ерекше тартысты өтті. Кіл жүйріктер арасынан бабы мен бағы қатар шапқан Бекболат Тілеуханның «Бақторы» атты тұлпары бас жүлдені қанжығасына байлады. Екінші болып Оразалиев Мадидің «Қасиет» атты жүйрігі мәреге жетті. Үшінші орын Таукенов Мақсат баптаған «Керіауыз» атты тұлпарға бұйырса, төртінші орынды Алматы облысынан келген Бөбекбаев Болаттың «Үшқоңыр» атты жүйрігі еншіледі. Ал, жүлделі бесінші орынды Бөбекбай Жамбылдың «Болашақ» есімді жүйрігі иеленсе, алтыншы болып, Ақтасов Ержан баптаған «Көкойнақ» атты тұлпары жетті.

Бір өкініштісі «Көкойнақ» мәре сызығын кесе беріп, сенделіп жығылып түсті. Аламан бәйгенің жүлделі жетінші орнын Ноқатай Нұрдәулеттің «Асутор» атты жүйрігі түйіндеді.


Жүлделі жүйріктердің барлығы ақшалай сыймен марапатталды. Ал, аламанның бас жүлдесі бұйырған Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданынан келген Мейірлан Нұрболатов мінген «Бақторы» атты жүйрік, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханға тиесілі. Атты баптаған – Бөбекбаев Болат. «Бақторы» 5 млн теңгеге және арнайы кубокке ие болды.

«Еліміздегі бейбіт күннің арқасында дәстүрімізді ұлықтаған осындай үлкен мейрамға бәрміз куә болып отырмыз. Ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятын осында отырған жанкүйерлерге, ат баптаған бапкерлерге, шабандоздарға рахметімді айтамын. Шараның өтуіне қолдау білдірген «Нұр Отан» партиясына, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне атсүйер қауым атынан алғыс айтамын. Алаштың баласы аттан түспесін», - деді Бекболат Тілеуханұлы.


Соңғы жаңалықтар