Алдағы 5 жылда АӨК саласында 380 жоба іске асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 5 жылда агроөнеркәсіп кешені саласында 380 жоба іске асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 380 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның 65 пайыздан астамын импортты алмастыру аясындағы жобалар құрайды. Сондай-ақ, бұл тізбеге агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін ұлғайту, оның ішінде бордақылау алаңдары, репродукторлар, жылыжайлар бойынша, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірқатар жобалар енгізілген», - деді агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы баяндаған Сапархан Омаров.

Жалпы министрдің айтуынша, жыл сайын орта есеппен 75-80 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

«Бұл біздің іске асыруымыз қажет жобалардың ең аз көлемі екенін атап өткім келеді. Министрлік жобаларының пулы инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарларын облыстар әкімдіктерінің пысықтауы нәтижесінде кеңейтіледі. Сондай-ақ бұл жобалар Мемлекет басшысының 7 ірі экожүйе құру тапсырмасының ажырамас бөлігі болады. Оның аясында дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру мен өңдеу экожүйелерін құру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда», - деді ол.

Мәселен, оның дерегінше, өсімдік шаруашылығында зәкірлік «BioOperations» ЖШС кәсіпорнымен Солтүстік Қазақстан облысында астық өндіру және өңдеу жөніндегі экожүйе құрылуда. Экожүйе кооперация қағидаты бойынша астықты тереңдетіп өңдейтін зауытты, құрамажем зауытын, құс кешенін, тауарлық сүт фермасын және осы кәсіпорындарды ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірушілерін біріктіреді.

«Осындай экожүйелерді елдің барлық өңірлерінде өңірлік мамандануды ескере отырып құру жоспарлануда», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар