Алексей Цой Ақтөбеде коронавирус инфекциясына қарсы штабтың отырысын өткізді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Өңірде коронавирус инфекциясына қарсы штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Штаб отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Ақтөбе облысы департаменттерінің , алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының басшылары, аудан әкімдері бейне байланыс арқылы қатысты.

«Ұйымдасқан-әдістемелік көмек көрсету үшін өңірге Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобы жіберілген болатын. Біздің міндетіміз - барлық өзекті мәселелерді қарап анықтау және қайсысын ерекше бақылауға алу керегін түсіну»,- деді Алексей Цой.

Басқосуда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының басшылары эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.

Пандемия басталғалы өңірде 14 мыңнан астам адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

Әзірленген 24 инфекциялық стационардың 18-і іске қосылған. 795 кереуетке адам жатқызылса, оның 115-і реанимациялық, 2808 кереует резервте.

37 медициналық мекеме халыққа амбулаториялық-емханалық көмек көрсетеді. 173 мобильді бригада жұмыс істейді.

Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтатын және оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін барлық қажетті шаралар қабылданды.

Облысқа 398 575 доза вакцина әкелінсе, бірінші компонентімен 206 271 адам, екінші компонентімен 12 304 адам егілді.

Рейд нәтижесі бойынша 47 бақылау тобы 57 млн теңгеге 464 айыппұл салды.

Бизнестің 930 субъектісі Ashyq қосымшасын қолданады. Оқшаулау тәртібін бұзған 204 адам анықталып, «қызыл» мәртебесі бар бес ақтөбелік әкімшілік жазаға тартылды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету жайын айтты.

ҚР ДМ СЭБК төрайымы Айжан Есмағамбетова эпидемиологиялық жағдайдың сараптамасын ұсынды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобының ұсыныстарын орындау мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанынан, сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында ахуалдық орталықтар ұйымдастырылып, М.Оспанов атындағы БҚМУ профессор-оқытушылар құрамын тарта отыра онлайн тәртібінде сатылай оқыту жүргізілді.

«Біздің міндетіміз - коронавирусқа қарсы күресте бүкіл күшті біріктіріп, Мемлекет басшысының медициналық мекемелерді жарықтандыру, науқастарды емдеу әдісін енгізу және басқа да өзекті сұрақтарды шешу бойынша тапсырмаларын орындау жұмыстарын күшейту. Біз барлық бағыт бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз»,- деп қосты Денсаулық сақтау министрі.

Отырыс соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров жұмыс тобының ұсыныстарын орындау және медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша барлық шара қабылданатынын айтты.

«Ақтөбенің десаулық сақтау саласының әлеуеті жоғары. Ең бастысы - жақсы материалдық-техникалық база, жоғары білікті мамандар бар»,- деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар