Әлемнің 11 еліндегі қандастарға қазақ тілі курстарын ұйымдастыру жоспарлануда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы – ұлы ақынның қазақ халқы үшін ұлттық болмысымыздың үлгісі болып қала беретін тұлға екенін айғақтайды. «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқаров осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халқымыздың ұлы ақыны Абай шығармашылығы адамгершілік және ізгілік туралы идеяларға толы екені белгілі. Гуманист ақынның ойлары өз халқының руханиятын байытып қана қоймай, бүкіләлемдік ақыл-ой қазынасына да үлес қосты», - деді Әлібек Асқаров ҚазАқпарат тілшісіне.

Ол өз сөзінде «Тіл-қазына» ұлттық орталығы – бұл еліміздегі қазақ тілін оқыту, үйрету мен латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттерін іске асыратын республикалық орталық мекеме екенін еске салып өтті.

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» №569 Жарлығына сәйкес, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, қазақ тілінің жаһандану үдерісіндегі өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін тілдің әлеуетін үзбей, жетілдіріп отыру да маңызды. Бұл ретте, қазақ тілін оқыту әдістемелерін жүйелеу, стандарттау, оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу жұмыстары негізгі орынға ие. 2020 жылы мемлекеттік тапсырма аясында «Тіл-қазына» ұлттық орталығы «Абай институты» атты Қазақстанда және шетелде қазақ тілін үйрету және ілгерілету бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бағдарлама аясында әлемнің 11 еліндегі қандастарымызға қазақ тілін меңгеру, үйрену курстарын ұйымдастырсақ деген ойдамыз. Ерекше әдістемемен өтетін қазақ тілінің курстары Ресейдегі, Қытай мен Монғолиядағы, Түркия мен Тәжікстан, Түрікменстан, Иран, Украина, АҚШ елдеріндегі қандастарымыз қазақтың айтулы ақындары мен жазушыларының еңбектері арқылы ана тілдерін тереңірек білулеріне, меңгерулеріне ықпал етеді. Ұлы ақын Абай шығармалары осы курстарда да өткізілетін болады», - дейді ол.

Әлібек Асқаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы - Абай қазақ халқы үшін ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлттық болмысымыздың үлгісі болып қала беретін тұлға екенін айғақтайтынын жеткізді.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.



Соңғы жаңалықтар