Әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға маманды таңдау мүмкіндігі берілмек
«Әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға арнайы тауарлар мен қызметтерді таңдаумен, қызмет көрсетуді ұйымдастырумен қатар, оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылатын болады. Осы мақсатта әлеуметтік қызметкерлердің бірыңғай базасы құрылады. Онда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы және жұмыс нәтижелері туралы ақпарат қамтылады», - делінген ұлттық жоспардың жобасында.
Бірыңғай база қызмет тұтынушыларына бәсекелестік ортада әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қызметкерлерге деген сұраныс олардың жалақы деңгейінде көрініс табады. Әлеуметтік қызметкерлердің кәсіптік деңгейін арттыру үшін үздіксіз білім беру элементтерін пайдалана отырып, кадрлар даярлаудың көп деңгейлі жүйесі енгізіледі.
Еске сала кетсек Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылатыны өткен айда хабарланған еді. Қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қызметкерлер тесттен өтіп жатыр. Осы жылдың 5 желтоқсанына дейін шамамен 12 мың адамды сынақтан өткізу жоспарлануда. Тест әлеуметтік қызметкерлердің базалық білім деңгейін анықтау үшін өткізіледі. Содан кейін олар оқытылады.
Құжат жобасы «Ашық деректер» порталында орналасқан.