Әлеуметтік қызметтер порталы 270 мыңға жуық қызмет көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы 270 мыңға жуық қызмет көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2021 жылы мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 270 мыңға жуық қызмет алған. Оның ішінде 187 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6 мыңнан астам ымдау тілі қызметтерін, 32,5 мыңнан астам жеке көмекшінің қызметтерін, 44 мыңға жуық адам санаториялық-курорттық ем алды. Сондай-ақ, портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 170 мың тапсырыс рәсімделді», - деп жазылған ресми мәліметте.

Портал мүмкіндігі шектеулі адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін, өндірушіні мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Қызмет алушы бұл шараның бәрін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы рәсімдейді.

«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Бүгінде порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 863 медициналық-әлеуметтік мекеме, 149 оңалтудың техникалық құралдарын жеткізуші, 14 мыңнан астам жеке көмекші, 255 ымдау тілін қызметін, 69 санаторлық-курорттық емдеуді, 135 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсынушылар тіркелген», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызметті онлайн рәсімдеу 2020 жылғы 29 желтоқсаннан бастап қолға алынған. Осы аралықта электрондық үкімет порталы арқылы оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша 213 мыңнан астам құжат ресімделген көрінеді.

Порталды пайдалану бойынша кеңес алу үшін байланыс орталығының «1414» нөміріне қоңырау шалып, байланыс тілін таңдаған соң «4» санын басу қажет.


Соңғы жаңалықтар