Әли Бектаев: «Ауыл» партиясының негізгі мақсаты - Парламентке өту

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясының негізгі мақсаты - Парламентке өту. Бұл туралы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл» партиясының негізгі мақсаты - Парламентке өту. Өйткені, биік мінберлерден ауылдың, ауылдағы ағайынның жоғын жоқтап, мәселелерін көтеретін бір саяси күш болуы тиіс. Біз өзімізді сол статусқа лайық партиямыз деп сеніммен айта аламын. Қаншама жылдан бері осы бағытта еңбек етіп келеміз. Мақтан ететін жетістігіміз де баршылық. Мысалы, біз географиялық аумақ пен партия мүшелерінің саны жағынан Қазақстан бойынша алдыңғы үштікке кіреміз. Бүгінде құрамымызда 300 мыңға жуық адам, мыңнан астам партиялық ұйымымыз бар», -деді Әли Бектаев партияның кезектен тыс XVIII съезінде.

Оның айтуынша, партия ауыл мен ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жүздеген ұсыныс беріп, 3 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Соңғы 5 жылда партия қатары 52 мың адамға толықты.

«Ауыл» партиясының кадрлық әлеуеті де күшейді. Біздің қатарымызда еңбегімен жетістікке жеткен ірі кәсіпкер де, қарапайым шаруа да, ауылшаруашылық ұйымдарының, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, қызметкерлері, білікті мамандар, ғылым докторлары мен қандидаттары да бар. Оларды партияның алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырып келе жатқан «Ауылдың» алтын қоры» десек те болады. Электоратымыздың басым бөлігі – ауыл тұрғындары. Халықтың 42 пайызын құрайтын осынау үлкен әлеуметтің мәселесін қозғау - біздің қасиетті парызымыз», - деді партия төрағасы.


Соңғы жаңалықтар