Әлихан Смайыловқа Түркістан облысында салынатын жылыжай жобасы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Үкіметте Түркістан облысындағы аумағы 500 га болатын жылыжай құрылысының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «ЭКО-культура» агроөнеркәсіп холдингінің президенті Александр Рудаковпен кездесті. Кәсіпкер Түркістан облысындағы ауданы 500 га болатын жылыжай кешені құрылысының жобасын таныстырды.

Инвестициялық жоба 8 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді. Бес жылда іске асыру жоспарланған.

Үкімет басшысы ТМД кеңістігі аясындағы жобаның бірегейлігін атап өтті.

«Агроөнеркәсіптік кешен – ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс пен бағаның өсуін есепке алсақ, одан әрі даму әлеуеті зор маңызды сала. Осындай ірі жобаны жүзеге асыру біз үшін ерекше маңызға ие», — деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, «ЭКО-культура» агроөнеркәсіп холдингі 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Компания қызметінің негізгі түрі — өндірістік циклі жыл бойы жалғасатын жабық топырақта көкөніс өсіру. АӨХ құрамына Ресейдің бірнеше облысындағы жұмыс істеп тұрған жылыжай кешендері кіреді.

«Оңтүстік Қазақстан – климаттық жағдайлары мен еңбек ресурстары бойынша таптырмас жер. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін біз Түркістан облысына кездейсоқ назар аударған жоқпыз. Мұнда ауа райы қолайлы, соның арқасында қыс мезгілін пленкалы жылыжайларда өткізуге болады. Бұл 500 га жылыжай кластері болады, онда көкөністерді ғана емес, көк шөпті, жидектерді де өсіретін боламыз», — деді А. Рудаков.

Сондай-ақ агрохолдинг басшысы жоғары синергетикалық нәтиже үшін жергілікті фермерлерге агрономиялық қолдау көрсетуге, сондай-ақ тиісті кадрларды даярлау бойынша оқу орталығын құруға ниет білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, инвестициялық субсидиялар және жобаны қаржыландыруға қатысты мәселелерді мұқият пысықтауға келісті.


Соңғы жаңалықтар