Алкоголь ішіп, шылым тартқан адамның мүшелері донорлыққа алына ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық кардиохирургиялық орталығының басқарма төрағасы Юрий Пя донорлық органдар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз зертханалық деректер арқылы органның клиникалық жағдайына қараймыз. Егер орган жұмыс істеп тұрса, адамның ішімдік ішкені немесе шылым шеккені маңызды емес. Әсіресе жүрекке қатысты. Өкпеде кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Жүрек пен өкпенің жай-күйін бағамдауға көмектесетін арнайы жүйелер бар. Жоғары технологиялар арқылы жүрек пен өкпенің қандай жағдайда екенін анықтай аламыз», - деді Юрий Пя кардиохирургиялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Юрий Пя коронавирустан қайтыс болғандардың донорлығы туралы айтып берген еді.

«Менің жеке пікірім - әр науқасты дербес қарастыру. Органға мұқтаж адамның санаулы күні қалса, бұл ота оның ұзағырақ өмір сүруіне мүмкіндік берсе, тәуекел ету керек. Бұл - менің жеке пікірім. Адам өмірін тіпті 1 күнге ұзартуға мүмкіндік берсе, бұл мүмкіндікті пайдалану керек», - деді дәрігер.

Еске сала кетсек, Павлодарда инсульттен көз жұмған ер адамның ағза мүшелері 5 адамға сәтті ауыстырылды. Жүрек 35 жастағы ер адамға берілсе, өкпе - 41 жастағы әйелге жаңа өмір сыйлады. Одан бөлек, қос бүйрегі елорданың тағы бір орталығында екі науқасқа сәтті орналастырылды. Ал бауыр Алматыдағы науқасқа жіберілді .



Соңғы жаңалықтар