Алматы: Ақжар шағын ауданында су құбырлары желтоқсан айында пайдалануға беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ақжар шағын ауданында салынып жатқан су және кәріз құбырлары биыл желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Бұл туралы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма мәліметінше, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында инженерлік желілердің құрылысы 2020 жылы басталып, биыл күзде халық игілігіне берілуі қажет еді.

Бірақ, жұмыстың уақытында бітуіне табиғи факторлар әсер етті. Қазу кезінде жер бедерінің күрделі болуы және көлемі 2 метрден асатын қойтастардың жиі кездесуі шаруаның аяқталуын алты айға кешіктіріп отыр.

«Құрылысшылардың күрделі жағдайларда су және кәріз құбырларын салып жатыр. Су және кәріз құбырларын пайдалануға беру осы жылдың IV тоқсанына жоспарланып отыр. Бұл құрылыс аяқталғаннан кейін сегіз мыңға жуық тұрғынды үздіксіз сумен және кәріз құбырларымен қамтамасыз етуге кепілдік береді», – деді қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Ермек Жұмағалиев.

Қазір Ақжардағы жеті көшеде инженерлік желілерді салу қызу жүріп жатыр. Қиындыққа қарамастан, мердігер ұйым алып тастарды шығару үшін ауыр техникаларды пайдаланды.


Соңғы жаңалықтар