11:20, 22 Қазан 2021 | GMT +6
Алматы әуежайында ұшақ көлікпен соғысты: Әуе кемесі қай компанияға тиесілі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында ұшақ пен автокөлік соғысып, осы оқиға бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұшақ Бакуден ұшып шығып, Алматы әуежайына 22 қазанда сағат 06:43-те қонды. Ұшақ әуежай қызметтерінің бірінің көлігімен соғысып қалды. Әуе кемесі FlyJet.kz компаниясына тиесілі. Зардап шеккендер жоқ. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде»,-деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде пайда болды. Онда ұшақ пен көлік бүгін таңғы сағат жетіде соғылғаны айтылған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201 -бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді»,-деп хабарлады ведомствадан.