«Almaty Business-2025»: 8 млрд теңгеге 40-тан астам жоба мақұлданды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Almaty business – 2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету шаралары туралы брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін әкім Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы аясында «Almaty Finance» несиелік ұйымы құрылған болатын.

Брифингте «Almaty Finance» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Заңғар Сәлімбаев «Almaty Finance» компаниясы 8,3 млрд теңге сомаға 42 жобаның қаржыландырылуын мақұлдағанын хабарлады. Оның ішінде 26 жоба 6,8 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. 800 млн теңге сомасындағы жобалар егжей-тегжейлі пысықталуда. Жобаларды іске асыру жүзден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Несие түрлі салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталған. Олардың қатарында мыңнан астам түрлі зерттеулер жүргізуге қабілетті жаңа зертхана ашу, кофе дәндерін қуыру цехын құру, тігін цехын іске қосу, жиһаз және жиһаз фурнитурасын, металл бұйымдарын, кеңсе тауарларын, гигиеналық құралдарды өндіру, өнеркәсіптік парк салу, сондай-ақ, IT-индустрия саласындағы жобалар: электрондық төлемдер мен процессингтік қызметтерді ұйымдастыру, үш компонентті интеграцияланған жүйені құру сияқты жобалар бар.

Несие көбінесе өнеркәсіп саласына – 6 жоба, жиһаз өнеркәсібіне – 5 жоба, денсаулық сақтау саласына – 4 жоба, білім беру және спорт саласына 2 жоба бойынша берілді. Оған жалпы көлемі 6 млрд теңге бөлінеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Almaty Finance» компаниясы «Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында 2019 жылы құрылған болатын. Компания тек Алматы қаласында тіркелген ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнесті қаржыландырады. Несиелеу жылдық 2% – бен теңгемен беріледі. Өнеркәсіптік паркте бизнесті іске асыратындар үшін максималды қарыз сомасы 70 млн теңге болмақ. Ал қалған 6% бизнестің қалған бағыттары үшін 500 млн теңгеге дейінгі шектеулі мөлшерде беріледі. Несие 7 жылға дейін айналым қаражатын толықтыру және инвестициялық мақсатта беріледі.

«Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасауға, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, ШОБ инфрақұрылымын дамытуға, оқытуға, кәсіпкерлерді қолдауға және инвесторларды тартуға бағытталған. Бағдарлама аясында «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы, «Almaty Finance» және «Almaty» микроқаржы ұйымы құрылды.


Соңғы жаңалықтар