Алматы кардиологтары жүректі тоқтатпай күрделі ота жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы кардиологтары Қызылорда облыстық көпсалалы ауруханасының базасында жүрегі ауыратын үш пациентке күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

42 жастағы ер адам миокард инфарктімен түскен. Шеберлік сағатын өткізу үшін Қызылордаға келген Алматы кардиологтары жүректі тоқтатпастан жүрек тамырларын ауыстырды. Тамырды ауыстыру үшін науқастың аяғындағы тамыр кесіліп алынды.

Екінші науқас - 29 жастағы әйел 3-дәрежелі митральді қақпақшаның жетіспеушілігі дертімен ауырады. Тіпті осы кеселі үшін жүктілікті үзуге тура келген. Науқас әйелдің жүрегіне пластикалық ота жасалды. Әйелдің өз қақпақшасы сақталды. Ота сәтті өткендіктен, әйел болашақта бала көтеріп, аман-есен босана алады.

«Үшінші науқас - 50 жастағы ер адам аортаның жоғарғы бөлігінің аневризмасы деген диагнозбен түскен. Науқасқа Бенталл Де Боно отасы жасалды. Яғни, аорталды қақпақшаға протез салынып, аортокоронарлы шунт салынды. Бұл диагноздың қаупі жоғары, себебі кез келген уақытта пациент қайтыс болып кетуі мүмкін», - деді қалалық кардиохирургия орталығының меңгерушісі Нұрсан Сұрашев.

Мамандардың айтуынша, үш пациент те болашақта салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналыса алады.

Соңғы жаңалықтар