Алматы маңында ұшақ соғылған үй заңсыз салынған - Талғар ауданының әкімдігі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы маңында ұшақ соғылған үй заңсыз салынған. Талғар ауданы әкімінің баспасөз қызметі берген ресми мәліметке сәйкес, біріншіден ол жер учаскесіне үй салуға мүлдем болмайды, екіншіден үйдің қожайындары ғимарат жобасын әкімдікпен келіспеген, таныстырмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен бұл үйге сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілмеген, жоба келісілмеген және салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі тіркелмеген. Ғимарат өз бетімен салынған құрылыс. Үй елді мекен шегінде орналасқан, алайда жер учаскесі суармалы жер болған. Жер кодексіне сәйкес мұнда тұрғын үй салуға жол берілмейді», - делінген аталған ведомствоның ресми мәліметінде.

Сондай-ақ, жеке құрылыс салу заңдылығын зерделеу үшін құрылған жұмыс тобы әлі өз жұмысын аяқтаған жоқ. Талғар ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сол комиссия толық шешім шығарады.

Естеріңізге сала кетейік, 27-ші желтоқсан күні Алматы маңында «BekAir» әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесінде 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза болды. Апатқа ұшыраған ұшақ Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған.



Соңғы жаңалықтар