Алматы маңындағы тауда адасып кеткен турист табылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Республикалық жедел-құтқару жасағы Алматы маңындағы тауда адасып кеткен адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Қарасай ауданында тауда адасып кеткен ер адам туралы ақпарат республикалық жедел – құтқару жасағының кезекші бөліміне 16 қазан күні түнде келіп түсті.

«Қоңырау шалған бойжеткен өзінің досымен тауда түнеуге шыққанын айтты. Теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікке орналасқан Терра алаңында жастар шатыр құрған. Қыз ұйықтауға жатқанда, жас жігіт темекі шегуге сыртқа шығып кеткен. Екі сағаттан кейін оянған турист досының қайтып оралмағанын көрген. Ол ұялы телефонын шатырға тастап кеткен екен» - деп хабарлады РЖҚЖ.

8 құтқарушы иісшіл итті ертіп жігітті іздестіруге кірісті. Олар Ғарыш стансасына дейін көлікпен жетіп, ары қарай жаяу көтерілді.

«Құтқарушылар таудағы шатырды тез тауып алды. Онда қыз жалғыз отыр екен. Құтқарушылар туристке ешқайда шықпауға кеңес беріп, өздері жан-жаққа бөлініп жігітті іздеуге кірістті. Құтқарушылар жоғалған туристі атымен атап айқалап шақырып, жарық түсіріп белгі берді. Адасып қалған ер адам құтқару тобының даусын естіп, соларға қарай бет алды»,– деп толықтырды ведомствадан.

Белгілі болғандай, ер адам шатырдан ұзап кетіп, қайтар жолды шатастырып алған. Ол төмен түсіп кеткен. Туристің қолында жарық түсіретін шам болмағандықтан, ол шыршаның түбіне түнемек болған.

«Қазір таудың кейбір жеріне қар түсті. Түнде ауа температурасы нөлден төмен болуы мүмкін. Жоғалған туристке көмек дер кезінде көрсетілгенді, ол тоңбаған, жағдайы бірқалыпты болды», - деп атап өтті республикалық жедел-құтқару жасағының өкілі.

Құтқарушылар жастарды қалаға жеткізіп салу үшін көлікке отырғызып жіберді.


Соңғы жаңалықтар