Алматы облысында браконьерлермен күрес күшейді: үш күнде 52 заңбұзушылық анықталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының табиғат қорғау полициясы 3 күн ішінде 50-ден астам құқық бұзушылықты әшкереледі, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының аумағында өтіп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында табиғат қорғау полицейлері 52 құқық бұзушылықты анықтады. Іс-шараның басты мақсаты – табиғат қорғау заңнамасы талаптарының бұзылуына жол бермеу және оның алдын алу.

«3 күн ішінде заңсыз аңшылық жасаудың 28 дерегі, заңсыз балық аулаудың 11 дерегі, сондай-ақ, ағаштарды заңсыз кесудің 12 дерегі тіркелді. Аталған деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Қарасай ауданында ағаштарды заңсыз отаған бір тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды»,- деді облыстық ПД ЖПҚБ табиғат қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Өз кезегінде, полицейлер табиғат қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және табиғатқа жанашырлық танытуға шақырады. Саятшылық құруға ниет еткен тұрғындар қолданыстағы заңға сәйкес тиісті құжаттар мен рұқсаттарды алу және қаруды сақтау және тасымалдау тәртібін ескерулері қажет.

16 қаңтар күні басталған табиғат қорғау шарасы айдың соңына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар