Алматы облысында құрылыс материалдарын шығаратын 5 зауыт салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында құрылыс материалдарын өндіретін 5 жаңа кәсіпорын ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев «ТК «Газоблок» компаниясы мен «Алмпласт» ЖШС басшыларымен кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында құрылыс саласындағы 5 жаңа жоба қолға алынбақ.

Мәселен, «ТК «Газоблок» компаниясы Іле ауданында 3 зауыт, Талдықорғанда 1 зауыт салуға ниетті. Бұл кәсіпорындар газоблоктар, цемент панельдердің талшықтарын, шыны мақталарын шығаратын болады. Жобалар жеті жылға жоспарланған. Шамамен 26 млрд. теңге инвестиция тартылып, 240 жұмыс орны ашылады.

- Біз шығаратын құрылыс материалдары негізінен сырт елдерден әкелінеді. Қысқаша айтқанда, импортқа тәуелді. Сондықтан біз ішкі нарықтың сұранысын отандық өнімдермен толықтыруды мақсат етіп отырмыз, - деді «ТК «Газоблок» компаниясының бас директоры Максим Ким жоба жайлы қысқаша баяндап.

Ал «Алмпласт» ЖШС «Талдықорған» индустриалды аймағында диаметрі 20-1200 мм пластик құбырлар шығаратын өндіріс орнын ашады. Жоба 2022-2023 жылдары іске асырылады. Тартылатын инвестиция көлемі – 2,6 млрд. теңге, 37 жұмыс орны құрылады. Жобаның жылдық қуаты - 16,8 мың тонна.

Бұл жобалар құрылыс индустриясының дамуына жаңа серпін беріп, ел нарығына отандық құрылыс материалдарын көптеп шығаруға үлес қоспақ.

Меморандумға Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, «ТК «Газоблок» компаниясының бас директоры Максим Ким мен «Алмпласт» ЖШС директоры Сабырхан Қасымов қол қойды.


Соңғы жаңалықтар