Алматы облысында үш барымташы қылмыс үстінде ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында үш барымташы қылмыс үстінде ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыс үстінде ұсталған күдіктілер 20 бас ұсақ мал ұрлығын толығымен мойындады.

Қысқа мерзім ішінде Ескелді ауданының тұрғындарынан жеке сектор, яғни аулаларынан ұсақ малдың түнгі уақытта ұрланғаны туралы бірнеше арыз келіп түскен. Аталған деректер ҚР ҚК 181-бабы 1-бөлігі бойынша тіркеліп, бірқатар жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылған.

Нәтижесінде тәртіп сақшылары 13-нен 14 қыркүйекке қараған түні бұрын ұрлық жасалған жерлерде көзге түскен «Toyota Aristo» көлігін анықтады. Полиция көліктің соңынан қуып жетіп, оны сағат 03:00 шамасында Алматы-Өскемен автожолында тоқтатқан. Көлікте 22, 25 және 26 жастағы үш ер адам болған.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары көліктің жүксалғышынан Ақын Сара ауылының 57 жастағы тұрғынының таңбасымен таңбаланған, байлаулы екі қошқарды тапты. Ұсталған күдіктілер Ақын Сара, Қаратал және Ақтасты ауылдарының сегіз тұрғынынан 20 бас ұсақ мал ұрлағанын мойындады.

Барымташылардың біріне тиесілі автокөлік қылмыс құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.

Олардың облыс аумағындағы осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар