Алматы облысында үй-күйсіз қаңғыбас адам өлтіріп ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында осыдан үш күн бұрын адам өлтірді деген күдікпен Түркістан облысының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 маусым, сағат 18:20 шамасында Іле аудандық полиция бөліміне Жетіген ауылындағы қараусыз қалған жылыжай ғимаратының аумағында белгісіз ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарланған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы қаза тапқан адам Талғар ауданының тұрғыны екенін анықтаған. Қылмысты жасады деген күдікпен Түркістан облысының тумасы, үй-күйі жоқ Е. есімді азамат ұсталды.

«Ұсталған азамат ауыр қылмыс жасағанын толық мойындады. 27 маусым күні кешке осы ауылдың орталық базарында жәбірленушімен танысқанын жеткізді. Спирттік ішімдіктерді сатып алған екеуі қараусыз қалған жылыжайдың аумағына барып, ішімдік ішу барысында жанжалдасқан. Жанжал барысында күдікті кірпіштің сынығымен жәбірленушіні екі рет желкесінен ұрған. Салдарынан жәбірленуші есінен танып, көз жұмған. Ол жауапкершіліктен қашпақ болды. Алайда оны тәртіп сақшылары дер кезінде қолға түсірді», - дейді Іле ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Сағындықов.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті қоғамға қарсы өмір салтын жүргізген және 2012 жылы тонау үшін сотты болған. Ол қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар