Алматы облысында жұмысшылар арасында төбелес болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жұмысшылар төбелесіп қалды. Жанжал Талдықорған-Қалбатау тас жолының құрылысшылары арасында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

7 қазан күні Ақсу ауданының аумағында «Алматы-Өскемен» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары барысында «Citic Construction» ЖШС жұмысшылары Қытай елінің 4 азаматы арасында өндірістік қарым-қатынас негізде жанжал шықты. Жанжал соңы төбелеске ұласты.

Төбелес кезінде Қытайдың бір азаматына жеңіл дене жарақаттары келтірілген. Жәбірленуші этникалық қазақ. Қазір Қазақстанда ықтиярхатпен тұрып жатыр. Ал соққыға жыққандар қытай ұлтының өкілдері. Олар ҚР ӘҚК 73-бабы 1-ші бөлігі «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, келесі күні сол серіктестікте жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар төбелестің себеп-салдарын толық анықтап алмай, жанжалды сылтауратып, Қытай азаматтарын соққыға жыққан. Төбелесте соққыға жығылған төрт Қытай азаматы әртүрлі дене жарақаттарымен облыстың емдеу мекемелеріне жатқызылды. Бұл факті бойынша Алматы облыстық полиция департаменті ҚР ҚК 293-бабы, 3-ші бөлігі, 107-бабының 2-ші бөлігі және 106-бабының 2-ші бөлігі бойынша сот алды тергеу амалдарын бастады. Күдіктілер анықталып қамауға алынды.

Сонымен қатар, тексеру барысында Қытай азаматтары 33 адам, ҚР Көші-қон заңнамаларын бұзғаны да анықталды. Қазіргі таңда оларды еліне қайтару мәселелері қаралып жатыр.

Полиция департаментінде Алматы қаласы мен Алматы облысында шетел азаматтарын Қазақстан аумағына келуі мен уақытша тұруын қамтамасыз ететін бірқатар заңды тұлғаларға да ҚР ҚК 394-бабымен сот алды тергеу жұмыстары басталғанын атап өтті.

Тергеу жұмыстары ішкі істер министрінің қадағалауында.

Соңғы жаңалықтар