Алматы облысында зират қоршауларын ұрлап келген күдікті ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында зираттың металл қоршауларын ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Талғар аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар Белбұлақ кентінің маңындағы зират қоршауларын белгісіз біреулердің ұрлайтыны туралы хабарлаған. Бұл дерекке қатысты полицияға бес арыз келіп түскен. Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді.

Бірқатар жедел-тергеу іс-шараларынан кейін күдікті Белбұлақ ауылынан ұсталды. Ол Тұздыбастау ауылының 35 жастағы тұрғыны екендігі және бұрын да бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Жазасының соңғы мерзімі аяқталған соң, күдікті қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастырған.

Тергеу барысында ол шойын қоршауларды кувалданың көмегімен бұзып, металлды үйіне тасыған. Кейін жалдамалы жеке такси арқылы металл қабылдау пунктіне жеткізгені белгілі болды.

Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар