Алматы облысының әкімдігінде шу шығарған саударгерлерге уақытша орын берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат – Жабайы саудамен күрес жүргізген Талдықорған қаласының әкімдігі саудагерлерді ақыры уақытша орынмен қамтыды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай мүмкіндікке саудагерлер тек бір айдан аса уақыттан соң жетті. Себебі, Талдықорған қаласының әкімдігі жаңа базардан орын береміз деп күнде уәде беріп келді. Бірақ ол базар әлі дайын емес, ондағы жұмыстардың аяқталуына кемінде екі айдай уақыт керек екен және жаңа орын тура қазандықтың түбінде орналасқан. Жеміс-жидек сақтайтын қоймасы да қарастырылмаған жер дайын болғанша, халық Алматы облысы әкімінен уақытша орынмен қамтуды сұрады. Амандық Баталов жаңа базар дайын болғанша, саудагерлерді уақытша орынмен қамтуды тапсырды.

Қазір саудагерлер үшін арнайы орын дайындалды.

«Бірден айтамын, жабайы саудаға жол жоқ. Бірақ жаңа базар дайын болғанша, сіздерді уақытша орынмен қамтиды. Мен де білемін, жабайы саудаға халық жақсы өмірден бармайды. Бәрін түсініп тұрмын. Бірақ сіздер де бізді түсініңіздер. Егер біз қазір жабайы саудамен күрес жүргізбесек, ертең жағдай қиын болады. Түрлі аурулар да осындай жерден шығады», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Естеріңізге сала кетейік, 13 қаңтар күні Талдықорған қаласының әкімдігі орталықтағы сауда орындарының жанында жабайы саудамен айналысқандардың жұмысын тоқтатқан болатын. Тіпті күрес жүргізген қызметкерлер жұмыстарын түнгі уақытта жүргізіп, саудагерлермен кикілжіңге дейін барған. Бірақ әкімдік өкілдері жайма базарда жан баққан жандарға өзге сауда орындарынан орын ұсынған болатын. Ал халық ондағы бағалардың аспандап тұрғанын айтып, ұсынған орындарға бармайтындарын айтты.

Артынша саудагерлер ақырындап бұрынғы әдеттеріне басып, жабайы саудамен айналыса бастады. Ал тәртіп сақшылары заңға бағынбағандарға айыппұл салды. Қазір саудагерлердің кейбірі салынған айыппұлдың құны 250 мың теңгеден асып кеткенін айтады.


Соңғы жаңалықтар