Алматы облысының кәсіпкерлері аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының кәсіпкерлері аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасының өңірлік және аудандық кеңес мүшелері, Қарасай ауданының кәсіпкерлері - Жанна Жазықпаева, Әзім Абдуллаев, Жанат Молдағұлов және Асқар Оспанов халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көмек көрсетті.

«Қазіргі уақытта біз көптеген отбасыны азық-түлікпен, тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етуге тырысамыз. Қарасай ауданының кәсіпкерлері осындай қиын уақытта біз үшін қолдау көрсетіп, үн қатқаны қуантады. Қазіргі уақытта 92 отбасына көмек көрсетіліп, мұқтаж отбасылардың тізімін құруды жалғастырамыз», - деді Қарасай аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Орынбай Жанәділ.

Сондай-ақ, жақында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, «BilimInvest» білім беру саласындағы инвесторлардың ұлттық қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Күләнда Батырбекова Талғар ауданының отбасыларына материалдық көмек көрсетті. Жанұяларға азық-түлік себеті таратылды. Бұдан басқа, қазіргі уақытта мұқтаж азаматтар үшін бірінші кезекте қажетті дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар сатып алынады. Оның айтуынша, басқа аудандық қауымдастық бөлімшелері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуде.

Сонымен бірге, Алакөл ауданының кәсіпкері, өңірлік кеңес мүшесі Досан Каримов ауданның аз қамтылған отбасыларын ұнмен қамтамасыз етті. Мұқтаждар үшін ол 3 млн теңге көлеміндегі қаржыға ұн сатып алған.


Соңғы жаңалықтар