Алматы орталық мешітінде мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы орталық мешітінде «Күшіміз – бірлікте» қайырымдылық шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайырымдылық акциясы аясында 1 мың мұқтаж отбасыға көмек көрсетілді. Әрбір отбасыға қажетті азық-түліктер салынған қораптар таратылды.

Шараға қатысқан бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қайырымдылық шарасын ұйымдастыру себебін айтты.

«Діни басқарманың жұмыс бағытының бірі – қайырымдылық көрсету. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Дін қызметкерлері де қолдау көрсетуді бастады. Осы ретте сабыр мен тұрақтылық біздің табан тірейтін тұғырымыз болуы тиіс. Бұл қиындық та өтер, кетер. Бірақ, біздің сабырымыз, бірлігіміз, берекеміз кетпеуі керек», - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, қайырымдылық шарасы барысында мешітке тіркелген отбасылар келіп, бас мүфтидің қолынан қажетті азық-түліктер алды. ҚМДБ төрағасы мұндай игі істердің жыл бойы жалғасатынын жеткізді.

Сондай-ақ бүгін Алматыда бас мүфти қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барып, көңіл айтты.


Соңғы жаңалықтар