Алматы прокуратурасы заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша тергеуді бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы прокуратурасы «Sulpak» дүкеніне іргелес аумақты абаттандыру кезінде жеке кәсіпкердің ағашты заңсыз кесуіне қатысты тексеруді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Уәкілетті мемлекеттік органдар бұл ағаштарды кесуге рұқсат бермеген.

Аталған дерек бойынша Алматы қаласының табиғатты қорғау прокуратурасы ҚР ҚК 340-бабы (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«Тергеу барысында тиісті сараптама тағайындалады. Сараптама нәтижесінде табиғатқа келген залал тексеріліп, құқықтық баға беріледі. Сотқа дейінгі тергеу Алматы қаласы прокуратурасының бақылауында болады», - деді қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, 23 қарашада түнде Алматыда сауда үйінің жанындағы жайқалған емен мен қарағаш оталды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде наразылық білдірді.

«Қазір аудан әкімдігі мен полиция департаменті кесілген ағаштардың тұқымы мен сапасын анықтау үшін оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Айыпты тұлғалар анықталған соң Полиция Департаменті оларды жауапкершілікке тартады. Толығырақ ақпаратты анықтау жұмыстары аяқталған соң жариялаймыз», - деп мәлім етті қала әкімдігі.

Кейін Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы сауда үйінің алдындағы ағаштардың жаппай кесілуінің мән-жайын анықтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды.

Мемлекет басшысы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Фото : facebook.com/Ермек Серкебаев
Соңғы жаңалықтар