Алматыда 11 жастағы бала коронавирустан емделіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 11 жастағы баладан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың расталған 73 жағдайы тіркелді, оның жетеуі жазылған. Нәтижесінде бүгінгі күні қалалық жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19-дан ем алып жатқан 66 пациент бар», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында.

Оның айтуынша, жаңадан анықталған алты адамның төртеуі байланыста болғандар, бір пациент 19 наурызда Минск-Алматы рейсімен және тағы біреуі осы күні Ыстанбұл-Алматы рейсімен ұшып келді.

«Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 11 жастағы бала бар, қазір ол қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге жатыр. Қазіргі кезде ауырып жатқандардың жағдайы жақсырап келеді, 58 науқаста – қанағаттанарлық, 1 ересек науқаста – ауыр, 6 ересек адамда орташа ауырлықта және 1 балада орташа ауырлықта», - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Провизорлық орталықтарда 1 046 адам бар, оның ішінде 102-сі – бала. Алматыдағы провизорлық орталықтар көбейіп, алтау болды. Бұған дейін 4 орталық болған еді.

Карантиндік оқшаулау үшін 3 шипажай және бір жатақхана бөлінді.

Бүгінгі күні 419 азамат карантинге оқшауланған. Бұл - шетелден келгендер. Олардың барлығы қай елден келгеніне қарамастан, екі күндік карантинге орналастырылуда. Келгеннен кейін олардан COVID-19-ға талдау алынады. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйіне жіберіледі.



Соңғы жаңалықтар