Алматыда 1300 көпбалалы ана жұмысқа орналасу үшін түрлі курста оқып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева онлайн брифинг барысында қалада 24 426 көп балалы отбасы тұратынын айтты. «Бақытты отбасы» аудандық орталықтары жұмыс істеген екі жыл аналарды қолдап келеді, қазіргі уақытта онда «ISKER ANA» әйелдер кәсіпкерлігі бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл үш айда орталықтарда 1 013 адам тіркелген, 9,5 мың адам ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау алды, 1 мың адам әдістемелік және заң көмегіне жүгінді.

«927көпбалалы ана тұлғалық өсу, бала тәрбиесі, көшбасшылық, отбасылық құндылықтар, психология бойынша базалық тренингтерден өтті. Тағы 1361 адам компьютерлік сауаттылық, шаштараз өнері, визаж, аспаздық, кондитерлік, пішу және тігу дағдылары бойынша оқу курстарынан өтуде. «Бақытты отбасы» орталықтары жұмысқа орналасуға, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша белсенді шараларға жолдау кезінде көмек көрсетеді. Мысалы, биыл 14 ана тұрақты жұмысқа, 63 ана уақытша жұмыс орындарына орналастырылды», – деді Назира Тоғызбаева.

«Бақытты отбасы» орталықтарымен қатар Алатау ауданының аз қамтылған отбасылары үшін дәстүрлі қолөнерді дамыту орталығы жұмыс істейді, оның мақсаты – дәстүр мен әдет-ғұрыпты, қолөнерді дамыту, үлкендерден кішіге үйрету арқылы ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру.

Басқарма басшысы 2020 жылы іске қосылған «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы туралы айтып берді. Оған қоғамдық өмірге ат салысып жүрген балалар, аға буын өкілдері, мүгедек адамдар тартылған. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша мұндай клубтар Алматы қаласының әрбір ауданында ашылды. Бүгінгі таңда 9 бөлімше жұмыс істейді. Оффлайн режимінде аз қамтылған отбасылардан 436 бала қамтылды, онлайн режимде қаланың 6 ауданынан 286 бала оқиды.

Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар тұлғалардан 130 кәсіби педагог жұмысқа орналастырылды, олар бастауыш мектептің негізгі жалпы білім беру пәндері бойынша авторлық сабақтарды (математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, IT), сондай-ақ қосымша білім берудің шығармашылық және спорттық сабақтарын (шахмат, қолөнер, хореография, музыка, актерлік шеберлік) ұсынады. Жыл соңына дейін тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 2 мыңнан астам бала мен мүгедек балалар қамтылатын болады.

Жалпы Алматыда зейнеткерлердің өмір сүру сапасын арттыруға қамқорлық көрсетіледі.

«Алматыда 232,6 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Олардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2018 жылдан бастап «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы іске асырылуда. Біз скандинавиялық жүріс, емдік йога, емдеу-сауықтыру гимнастикасы, компьютерлік сауаттылық, қазақ және ағылшын тілдері, еңбек терапиясы және т.б. бойынша қызметтер көрсетеміз», – дейді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар