Алматыда әл-Фараби мен Абайдың мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Әл-Фараби – Абай: рухани сабақтастық мәселесі» атты республикалық ғылыми – тәжірбиелік дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны әл-Фараби орталығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел барысында Ұлы тұлғалардың өмірі мен мәдени шығармашылығына қатысты ғылым мен білім берудің әдіснамалық және практикалық мәселелері талқыланды.

Әл–Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі Жақыпбек Алтаевтың айтуынша, әл–Фараби де, Абай да – ең алдымен ұстаз, ағартушылар. Олардың бүкіл ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Әл–Фараби адамдарды шынайы бақытқа жеткізу жолдарын мұрат тұтса, Абай толық, кемел адам тәрбиелеп шығаруды мақсат еткен.

«Әл-Фараби мен Абай интеллектуал. Араларында мың жылдық айырмашылық болса да, олардың ойларында, пікірлерінде, көзқарастарында көп ұқсастық бар. Себебі, екеуі де ұлы адамдар. Әрине, бұл жерде Фараби Абайды оқытты деп айтуға болмайды, бізде дәлел жоқ. Бірақ, ондай ой неге келді. Абай Сократты, Платонды, Аристотельді оқыды. Ал, әл–Фараби антикалық философтардың еңбектеріне түсініктеме жазған адам. Олардың этникалық көзқарастары да өте ұқсас. Мысалы бақыт пен дін жағынан ойлары бір жерден шыққан», – дейді Жақыпбек Алтаев.

Дөңгелек үстел жұмысына фарабитанушы, абайтанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, ғылыми қызметкерлер, докторанттар, магистранттар қатысты.


Соңғы жаңалықтар