Алматыда алаяқ әйел бірнеше сатушыны сан соқтырған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Алматыда дүкен сатушыларын жалған чектермен алдап соққан әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

27 жастағы күдікті сауда нүктелерінде сатушыларға жалған чек көрсетіп, төлем жасамай, заттарды алып кеткен.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматша Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Ол үш айдан астам уақыттан бері қалада жалдамалы пәтерлерде тұрған, бірақ еш жерде жұмыс істемейді. Бұған дейін мүліктік қылмыстары үшін бірнеше рет сотталған әйел Алматыға туған жері Ақтөбе қаласынан ақша табу үшін келген. Бірақ оның жұмыс істегісі келмеген. Ол азық-түлік дүкендерінде және киім бутиктеріндегі өнімді таңдап, бағасын анықтағаннан кейін, сол жерде смартфондағы қосымшаны қолдана отырып, төлем туралы чекті қолдан жасап, оны сатушыларға көрсетіп отырған. Сатушылар оның смартфонына қарап алданып, ақшаның есепшотқа түскені туралы хабарлама кейінірек келеді деп үміттенген. Ол жайбарақат тауарды алып, оқиға орнынан кетіп қалып жүрген. Есепшотына ешқандай ақша түспеген оншақты сатушы полицияға шағымданған. Осыған байланысты, осы әйелдің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар 8-708-707-92-02, 8-705-771-13-71, 8-705-55577-63 нөмірлері арқылы бізге хабарласа алады», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Владимир Решетников.

Ұсталған әйелге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оны мүлкін тәркілеумен қатар, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.


Соңғы жаңалықтар