Алматыда алғаш рет құтқарушылар аллеясы пайда болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ТЖД құтқарушыларының аллеясы Есентай өзені мен С. Мұқанов көшелерінің ортасында Бөгенбай батыр көшесінің бойында орналасқан. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы гарнизонының тарихында алғаш рет ТЖД құтқарушыларына арналған аллея пайда болды.

«Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті 600-ден астам ағаш отырғызды. Ағаш отырғызуға жалпы аумағы 0,4 га учаске бөлінді. Құтқарушылар аллеясы Есентай өзені мен С. Мұқанов көшелерінің ортасында Бөгенбай батыр көшесінің бойында орналасқан. Аталған аумаққа Құтқарушылар күніне арналған ескертіш орнату жоспарда. Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында барлығы 100 түп ағаш пен 500 түп бұта отырғызылды. Аумақты негізінен жапырақты ағаштардың қызыл үйеңкі, шырша, сәндік жұмақ тәріздес түрлері мен сәндік бұталар безендіріп тұрды» делінген хабарламада.

Скверде жаяу жүргіншілер жолы салынады, орындықтар қойылып, көгалдандырылып, келушілерге барлық жағдай жасалмақ.

Алдағы жылдары отырғызылған көшеттерді суарып қоректендіруге және профилактикалық өңдеулер жасау үшін кешенді күтім жүргізу қарастырылған.

«Біз жыл сайын әртүрлі бағыттағы экологиялық акцияларды қолдап отырамыз. Ағаш көшеттерін отырғызу шараларына қызметкерлер де көптеп қатысып біздің мекеме үшін жақсы дәстүр болып қалыптасты. Бүгінгі еккен талдарымыз- Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жауынгерлерге жасалған құрмет қана емес, қоршаған ортаны қорғауға да қосқан үлесіміз» - дейді қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев.

Сонымен қатар, ол Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 76-жылдығына орай соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға құрмет көрсетілетінін атап өтті.

«Ұлы Жеңіс туралы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жеңіс туын желбіреткен ерлеріміз бен жеңіс қаруын қолдан жасап үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне үлкен құрметпен басымызды иеміз. Біздің ұйымдағы өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып зор құрметке ие болған, бүгінде мол тәжірибелерімен жас ұрпаққа үлгі болып отырған ардагерлерімізді де ерекше құттықтағым келеді»,- деді департамент басшысы.

Аллеяның салтанатты ашылуында соғыс ардагерлері мен тыл және азаматтық қорғау ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Аталған акцияға өртке қарсы қызмет көрсететін Алматы гарнизонының қызметкерлері мен қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская қатысты.

Ағаш отырғызу және акция өткізу барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылды.


Соңғы жаңалықтар