Алматыда «Ashyq» жобасын қолданатын нысандарда бұзушылықтар анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Ashyq» жобасы бойынша жұмыстарына рұқсат етілген Алматының 16 мекемесінен мониторинг тобы бұзушылықтар анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеру нәтижесі көрсеткендей, компьютерлік клубтарға, СПА, сауналарға, моншалар мен қонақ үйлерге келушілерді қосымшаға тіркеусіз кіргізген. Сонымен бірге, бұл нысандарда маска режимі сақталмаған.

Кәсіпкерлік нысандарын толықтай жаппаудың баламасы ретінде және шектеулерді ішінара алып тастау үшін «Ashyq» жобасы қосылған болатын. Алайда кәсіпкерлердің бәрі бірдей жоба талаптарын лайықты түрде орындамайды.

«Кәсіп иелері QR-кодтарды тек сөзбен пайдалануда, іс жүзінде тексерушілер бірқатар бұзушылық анықтады.Тексерілген 44 нысанның 16-сы санитарлық талапты сақтамаған.

Атап айтар болсақ, LORD-GAME», «ТАНКЕР», «ЕРМАН» ЖК, «CLICKME», «ЕЛЕУИСОВ» ЖК, «СТРОНГ КИБЕРСПОРТ» ЖК компьютерлік клубтардың, «ЭКВАТОР», «Соколова» сауналарының, «КИТ», «SAU BU», «EM BU SU» моншаларының, «AA PLUS» ЖШС SPA, «TOPSPIN» жаттығу залының, «ASIA THAISPA» СПА-орталықтары мен фитнес-клубтардың, «ABSOLUTE» қонақ үй кешенінің, «GABER» бильярд клубының иелері жол берген.

Карантин шараларын бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, мекемелердің иелерімен «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс талаптарын сақтау жөнінде әңгімелесулер жүргізілді.

«Ashyq» қосымшасының мәртебені білдіретін түсі келушінің мекемеге кіретін-кірмейтініне сәйкес келеді. «Жасыл» түс адамның COVID-19-ға тапсырған ПТР тест нәтижесінің теріс екендігін, «көк» - адамда ПТР нәтижесінің жоқ екендігін, алайда оның науқаспен байланыс жасамағанын, «сары» - базада науқаспен байланыс жасаушы ретінде шықса, «қызыл» - оның базада ПТР нәтижесінің оң шыққан адам ретінде тіркелгенін білдіреді.

Алматы әкімдігі кәсіпкерлерді бұл жобаға байыпты қарауға, карантинді бұзбауға, келушілерден сақтық шараларын сақтауды сұрауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар