Алматыда Әуезов ауданының әкімі халық алдында есеп берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов халыққа есеп беру жиыны барысында ауданды абаттандыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда аудан әкімдерінің халықпен есеп беру кездесулері жалғасуда. Бүгін Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов өткен жылды қорытындылап, ауданды дамыту жоспары туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Үш сағатқа созылған тікелей эфир барысында аудан әкімі қалалықтардың 65 сұрағына жауап берді.

«Әуезов ауданы — халық тығыз шоғырланған аудан. Сондықтан да біздің барлық жобаларымыз халыққа қолайлы орта жасау үшін және жаяу жүргіншілер аймағын дамытуға бағытталған», - деді С.Сайфеденов.

Аудан тұрғындарының ұсынысы бойынша «Бюджетке қатысу» жобасы аясында ауданда бес жоба іске асырылды. Өткен жылы 205 аула жөнделді. Биыл «Бюджетке қатысу» бойынша жалпы сомасы 800 млн теңгеге 22 жоба жоспарланған. Сонымен қатар, 2021 жылы «Ақсай – 2», «Ақсай – 4» және Елемесов көшелеріндегі гүлзарларды абаттандыру жұмыстары жоспарда. «Таугүл» шағын ауданында халықтың демалуы мен бос уақыттарын өткізуге арналған орындардың жоқтығын ескере отырып, Шалов көшесінің бойында жайлы орта құру үшін қосымша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен аудан аумағында мектептердегі оқушылар орнының тапшылығын азайту бойынша жұмыс жүргізілуде. «Мамыр» шағын ауданында 1200 орынға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. №123 мектептің 400 орынға арналған жапсарлас құрылысы аяқталды. 30 мемлекеттік балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 316 орынға арналған 9 жекеменшік балабақша ашылды. Сонымен бірге, жалпы саны 3600 орынға арналған 5 мектептің негізгі ғимараттарына қосымша жапсарлас құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, колледж бен екі бөбекжайдың жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарда.

« Сонымен қатар, 18-емханаға тіркелген халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін биылғы жылы «Мамыр» шағын ауданында 200 адамның келіп қаралуына арналған дәрігерлік амбулаторияның ЖСҚ әзірлеу аяқталады. Ұзындығы 27,9 шақырым болатын 51 көше бойынша орташа жөндеу жүргізілді, бұдан басқа, магистральдық көшелер мен өтпелі жолдар бойынша жол төсеміне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаяу жүргіншілер аймақтары мен өтпелі жолдардың асфальт жабынына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Тағы бір айта кететін жәйт, бірнеше ауданда кәріздік жүйе олар құрылғаннан бері болмаған. 2020 жылы ұзындығы 5,5 км болатын 9 көшеде кәріздік жүйелердің құырылысы аяқталды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады «,- дейді әкім.

Ауданда 3 563 көше шамдары жаңартылып, 2 543 жаңа жарық нүктелері орнатылды. Ауданның жарықтандырылуы 93% құрайды.

Аудан аумағында 260 мың жасыл желек бар. Өткен жылы 3 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Халықты жұмыспен қамту мақсатында ауданда мемлекеттік және басқа да бағдарламалар белсенді жүзеге асырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша ауданда 3500 жұмыс орнын құрумен 44 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 224 адамды жұмысқа орналастырумен 48 жоба мақұлданды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 7 335 азамат түрлі салаларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. «Бизнес бастау» жобасы бойынша 384 адам онлайн оқудан өтті, оның 34-і 88,5 млн теңге сомасында гранттар алды.

«Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында Әуезов ауданында 13 жоба іске асырылды. Осындай жобалардың бірі – «ELAB Asia» цифрлық орталығы, ол көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне цифрлық технологиялар дағдыларын зерделеуді және робототехниканы меңгеруді ұсынады. Ауданда сондай-ақ «киіз бұйымдар» шеберханасы және аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау бойынша «Qarqyn ALA» жобасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Әлеуметтік аспаздықты» және «Әлеуметтік тігін цехын» жүзеге асыру үшін аудан базарларында 4 тегін орын берілді»,-деп атап өтті Сайран Сайфеденов.

Тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелердің бірі ескі және апаттық жағдайдағы көпқабатты тұрғын үйлер. Ауданда бұл санатқа 94 үй немесе 852 пәтер жатады.

Бүгінгі таңда «Ескі тұрғын үй» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1959-1960 жылдары салынған 18 көппәтерлі тұрғын үй (195 пәтер) бұзылды. 8 көппәтерлі тұрғын үй (754 пәтер) салынды. Биыл тағы бір үйді (99 пәтер) пайдалануға беру жоспарда. Қосымша 4 көппәтерлі үй (209 пәтерге) арналған жоба әзірленуде.

Жобаны іске асыру 8 кезектен тұрады, оның тетігі тұрғындарды көшіру және ескі үйлерді бұзу арқылы ескі кварталдарды кешенді қайта жаңартуды көздейді.


Соңғы жаңалықтар