Алматыда биыл ЭКО-ға 3152 квота бөлінді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2022 жылы 3152 квота бөлінді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, МӘМС аясында халыққа қолжетімді болған қызметтің бірі – экстракорпоральды ұрықтандыру немесе ЭКО процедурасы.

«2022 жылы ЭКО бағдарламаларына 3,2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Аталған сомаға барлығы 3152 жасанды ұрықтандыру процедурасы жасалуы тиіс. Өткен 4 айда 476 ЭКО жасалып, оған 484 млн теңге төленді. Биыл оңтүстік астана бойынша аталған бағдарламаға 8 клиника қатысып жатыр»,- деді филиал директоры.

ЭКО-ға жіберу туралы шешімді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. ЭКО-ны әйелдің өзі таңдайды.

Осы бағдарлама аясында пациент жылына бір рет ЭКО жасай алады.

Бүгінде елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асты.



Соңғы жаңалықтар