Алматыда бос жатқан жерлер қалай пайдаланылмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданына жұмыс сапары кезінде қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылу барысымен және инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев иесіз бос жатқан жерлердің орнында пайда болған бірқатар қоғамдық кеңістіктерде болды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында «Ақбұлақ», «Шапағат», «Қарасу» ықшамаудандарында скверлер салынып, жөнделген болатын. Сонымен қатар, Мөңке би көшесіндегі воркаут алаң іске қосылды.

«Спорттық және балалар аймағы бүлдіршінге толы болса, аллеяда ақсақалдар серуендеп жүр. Тұрғын үйлердің маңайы қаңырап бос тұрды дегенге сену қиын. Мұндағы тұрғындармен әңгімелесіп, жаңа қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстауға шақырдым», - деп жазды Б. Сағынтаев Instagram парақшасында.

Сондай-ақ, қала әкімі 78 гектар жерге әлеуметтік белсенділер мен эко-белсенділердің күшімен жыл басында салынған қарағайлы орманды абаттандыру барысымен танысты.

Жалпы, Алатау ауданында жасыл желектердің аумағы екі есеге жуық көбейеді, жасыл желектер саны 355 мыңға жетеді, оның 176 мыңы биыл Jasyl Almaty бағдарламасы аясында отырғызылады.

Сонымен қатар, Б. Сағынтаев жол салу және жөндеу учаскелерін қарап шықты. Сонымен қатар «Ұлжан» және «Өжет» ықшамаудандарында инженерлік желілер мен сыртқы жарықтандыру жүйесін салу жұмыстарының барысымен танысты.

«Бақытты отбасы» аудандық көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау орталығында әкімге жыл ішінде жүргізілген өзгерістердің нәтижелері таныстырылды. Оның нәтижесі көп балалы аналардың белсенді өмірге араласуы болды. Жыл басынан бері 25 мың әйел «Isker ana» бағдарламасы бойынша негізгі тренингтер мен курстардан өтті. 537 әйел «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша оқыды, оның 300-і грант алып, әр түрлі бағытта өз кәсібін ашты.


Соңғы жаңалықтар