Алматыда «Egemen Qazaqstan» газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлттық кітапханада «Ұшқыннан басталған Egemen Qazaqstan» атты ғылыми конференция өтті. Онда республикалық басылымның тарихы мен келешегі баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Egemen Qazaqstan» республикалық қоғамдық газеті — еліміздегі ең ерте жарыққа шыққан және ең танымал басылымдардың бірі. Газеттің алғашқы нөмірі 1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» атауымен жарық көрді. Басылым биыл республика көлемінде 100 жылдығын атап өтуде.

Алматыдағы ауқымды шараға «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер мен қала билігі өкілдері қатысты.

«Ұшқыннан басталған Egemen Qazaqstan» атты ғылыми конференцияда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев басылымды мерейтойымен құттықтады.

«Құрметті қаламгер қауым, баршаңызды еліміздің әрбір азаматына етене таныс, республикадағы маңдайалды басылым — «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына ұстаған кез келген жан мұндағы әрбір ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыптың маңыздылығына кәміл сенеді. Себебі, газеттің кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес. Әлем мен қоғам, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, спорт пен туризм айдарлары бойынша тың ақпарат таратқан басылым парақтарында жаңашылдық пен ұрпақтар сабақтастығының ізі сайрап жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Шараға жиналған қауым, басылымның тарихы мен келешегін баяндады.

«Egemen Qazaqstan» — шыққанына 100 жыл толған, ХХ ғасырдың басында ұлттың жоғын жоқтаған Алаш арыстары қызмет еткен басылым. Бұл газетте Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты тұлғалар еңбек етті. Сондықтан бұл — ұлттың тойы, халықттың тойы, рухани кеңістігімізде болып жатқан ұлы оқиғалардың бірі. Той құтты болсын!» - деді жазушы Нұрлан Оразалин

Ғылыми конференция барысында газеттің бірқатар ардагерлері «Алматыға сіңірген еңбегі үшін» медалімен және Алматы қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 1919-2019 жылдар аралығын қамтитын «100 жыл — 100 газет» атты кең көлемді көрме ұйымдастырылды.

Бұған дейін, Алматыда «Egemen Qazaqstan» басылымының құрметіне ескерткіш тақта орнатылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар