Алматыда ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өлтірген күдікті ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жақында 88 және 80 жастағы зейнеткерлердің денелері Алматы қаласының Әуезов ауданындағы пәтерлердің бірінен табылған болатын. Олармен бірнеше рет хабарласа алмаған туған-туыстары дабыл қағып, ақырында пәтер есігін бұзып кірген. Қарттардың өліміне пышақ жарақаттары себеп болғаны анықталды.

«Аса ауыр қылмысты ашу үшін шұғыл түрде тергеу-жедел тобы құрылды. Ұқыпты жұмыстың нәтижесінде күдіктінің жеке басы екінші күні анықталды және ол ұсталды. 1986 жылы туған күдікті адам өлтіргені үшін бұған дейін де сотты болған. Екі жыл бұрын түрмеден босап шыққан», – деді, Алматы қалалық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
Күдіктінің айтуынша, ол зейнеткерлердің үйіне тонау мақсатында келген. Қарттар қарсылық көрсеткеннен кейін пышағын алып шыққан.

«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың шынайы себептері мен басқа мән-жайлары ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес ПД ТБ жүргізіп жатқан сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша белгілі болады. Заттай айғақтар: қылмыс құралы және ұрланған мүлік тәркіленді», - делінген ақпаратта.



Соңғы жаңалықтар