Алматыда ғалымдар «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи карта жобасын талқылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Алматыда этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі қазіргі әлемдік феномен ретінде» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараның мақсаты – этносаралық татулық пен келісімнің қазақстандық үлгісін, қазақ халқының төзімділігінің тарихи қырларын, Қазақстан этностарының дамуы мен қазіргі жағдайын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылау.

Ғылыми конференцияға қатысушылар, «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи карта жобасының жұмысын талқылады.

«Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасы өткен жылы іске қосылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, География, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының ғалымдары тартылды. Бүгінгі күні порталда 16 карта және 51 этнос туралы мәліметтер бар. Тарихи карта Қазақстан халқының қалыптасуының геосаяси, экономикалық және әлеуметтік мәдени факторларын зерделеуді негізге ала отырып, ХХІ ғасырда қазақстандық қоғамның қоғамдық санасын жаңашаландыру міндеттерін шешуге бағытталған»,- дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Әуезхан Шашаев.

Тарих ғылымдарының докторы Айжамал Құдайбергенованың айтуынша, интерактивті карта Қазақстан халқының қалыптасу тарихын баяндайды.

«Қазақстан көпэтникалық, көпмәдениетті және көпконфессиялы мемлекет. Ғасырлар бойы қазақтардың тарихи жерінде көптеген халықтардың тағдыры – түрлі мәдениеттер, діндер және дәстүрлер тоғысып жатты. Нәтижесінде қазір бір шаңырақ астында 130 этнос пен 40 конфессия өкілдері өмір сүріп жатыр. Бүгінде, Қазақстанда әлемдік қоғамдастықта жоғары бағаға ие болған этносарлық келісімнің өзіндік моделі орнықты»,- деп атап өтті Айжамал Құдайбергенова.

Қазақстанда тұрып жатқан этностар туралы толық ақпаратты үш тілде алуға болады (қазақ, орыс және ағылшын).

Конференцияға шетелдік және отандық ғалымдар,қоғам қайраткерлері, этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар