Алматыда иісті газдан 30 адам уланған
«Жыл басынан бері 10 төтенше жағдай тіркелді. 30 адам газдан және жанған заттардың түтінінен уланды. Оның 19-ы – балалар. Оқиғалардың бірінде табиғи газ таралып, ауа-газ қоспасы жарылған. Салдарынан екі адамның денесін (80 - 100%) күйік шалып, көз жұмды. Үш жағдайда 8 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді, қалған 7 жағдайда - 27 адам орташа және жеңіл дәрежеде жарақат алды», - дейді Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.
Он төтенше жағдайдың, үшеуі 2019 жылдың қаңтар-мамырында болды. Онда 6 адам зардап шекті. Жеті жағдай 1 қазан - 14 қараша аралығында тіркелді. Бұл кезде 24 адамға көмек көрсетілді.
«Бұл ретте, 4 жағдайда адамдар иісті газға қатты отынмен жанатын пештердің ақауынан, 4 жағдайда газ қазандықтарынан газдың шығуынан және 1 жағдайда үй иесінің немқұрайлылығынан баллоннан пропан газының шығуынан уланған»,- деп хабарлады департаменттен.
Табиғи газдың таралуынан екі төтенше жағдай орын алды. Біреуінде ауа-газ қоспасы жарылып, бір адам мерт болды. Екінші жағдайда – үйден өрт шығып, тұрғындар ыстан уланды.